Болат Назарбаевқа тиесілі «Барыс» автобазары мемлекет меншігіне өтті

Ол 10 күн ішінде апелляциялық шағым түсіре алады


18/04/2023
16:09 18963 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

17 сәуірде болған сот отырысында «Барыс» автобазары орналасқан 37,6 гектар жер телімі туралы келісім-шарт жарамсыз деп танылды. Бұл жер негізінен ауыл шаруашылығына бөлінген.

 

КазТАГ-тың хабарлауынша, Болат Назарбаевтың тағы 1,5 мың гектар аумақтағы жер телімі мемлекетке қайтарылуы мүмкін.

 

Сот шешімі шыққан, бірақ жауапкерге апелляциялық шағым түсіру үшін 10 күн берілген.

БАҚ-тың жазуынша, Үшқоңыр округіндегі тағы бір ірі жер телімін Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды 49 жылға жалға алған.

 Жерді жалға бергенде Қарасай аудандық жер қатынастары бөлімі ол учаске Алматы қаласының шекарасымен шектесетінін ескермеген. Қала шетіндегі жер есебіне жататындықтан, оны жер қатынастары бөлімі бере алмайды, ол – тек Қазақстан үкіметінің құзырындағы мәселе, – деп жазылған іс материалында.

Сот материалына қарағанда, аукцион өткізбес үшін әкімдік ол жерді «жекеменшік орман өсіруге арналған жер» деп сипаттаған, шын мәнінде ол ауыл шаруашылығы мақсатындағы және мемлекеттің ерекше қорғауына алынған жер санатына кіреді".

Басылымның жазуынша, Жандосов ауылының жоғарғы жағында орналасқан 1485 гектар учаске кадастр картасында 30 мың халқы бар Шамалған ауылынан да үлкен көрінеді.

2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаев қауіпсіздік кеңесінің төрағалығынан айырылып, жақын туыстары мен серіктері де жоғары лауазымдардан қуылды. Інісі Болат Назарбаев, кей ақпараттарға қарағанда, 6 қаңтарда Қазақстан-Қырғызстан шекарасынан өтіп, Дубайға ұшып кеткен.

Қаңтар оқиғасынан кейін бұрынғы президент пен оның туыстарының ықпалы әлсіреген соң, бірнеше бизнесмен бұрын Болат Назарбаевтан қысым көріп, рейдерлік шабуылға ұшырағанын мәлімдеген.

2022 жылғы сәуірде Алматы облысындағы Almaty Steklo зауыты иелерінің бірі кәсіпорынның жартысын Болат Назарбаев тартып алғанын ашық жариялаған.

Оның алдында, наурызда қаржы мониторингі агенттігі Болат Назарбаевқа қатысы бар майнинг компаниялары анықталғанын хабарлаған.

2023 жылғы наурызда Жоғарғы соттың азаматтық істер бойынша сот алқасы қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Болат Назарбаев пен РLS-ТМ компаниясы арасында жасалған Алматы ауыр машина жасау зауытын сату-сатып алу туралы келісімшартты заңсыз деп тану туралы талап арызын қараған.

Өткен аптада БАҚ «Әлия Назарбаева мен Болат Назарбаевқа тиесілі жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды» деп жазды. Бұл жолы әңгіме Алматы облысының Жамбыл және Қарасай аудандарындағы шамамен 2 мың гектар жер туралы болған. Прокурорлар бұл жер де заңсыз берілгенін мәлімдеген.

Поделиться

Нет комментариев.

18/04/2023 16:09
18963 0

Уведомление